X «Еуразия» ХКФ 2014 жылы Алматыда өтті. Бұл жылы фестивальдің мерейтойы ғана емес, сонымен қатар отандық кинематографтың көрнекті қайраткері, кинорежиссер әрі актер Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуы атап өтілді. Сондықтан, фестиваль шеңберінде шебердің шығармашылығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті: режиссердің туындыларының ретроспективті көрсетілімі, кітап-альбомның тұсаукесері, «Шәкен Айманов: адам және аңыз» деректі фильмінің тұсаукесері.
Кинофорумға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 180-нен астам өтінім келіп түсті. Фестивальдің конкурстық бағдарламасында 12 картина болды. Қазылар алқасын «Натюрморт» фильмі үшін Венеция кинофестивалінің «Алтын арыстан» сыйлығының иегері және Канн кинофестивалінің лауреаты, қытайлық сценарист және режиссер Цзя Чжанке басқарды.
Жеңімпаздар:
Үздік фильм үшін Гран-при – «Оның жанында» (Израиль), реж. Асаф Корман.
Үздік режиссерлік жұмыс үшін сыйлық – Бенедикт Эрлингссон («Аттар мен адамдар туралы», Исландия).
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Дала үні» (Қазақстан), реж. Ермек Шынарбаев.
Үздік актриса сыйлығы – Тинатин Далакишвили («Жұлдыз», Ресей).
Үздік актер сыйлығы грузиялық-эстондық «Мандариндер» фильмінде ойнаған төрт актерге берілді.
ФИПРЕССИ және НЕТПАК қазылар алқасының шешімдері бірдей болды, және олар өз сыйлықтарын Нариман Төребаевтың «Күтпеген оқиға» фильміне ұсынуды жөн көрді.
Көрермендер көзайымы сыйлығымен «Серпінді қазақ киносы» бағдарламасында көрсетілген Рашид Сүлейменовтің «Үйге іссапар» атты фильмі марапатталды.
Әлемдік кино өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін сыйлықты танымал грек-француз режиссері, екі дүркін «Оскар» сыйлығының иегері Коста-Гаврас алды.