МЕНЮ

«ЕУРАЗИЯ» ЖЫЛНАМАСЫ: БАСТАУЫ


Алғаш рет «Еуразия» кинофестивалі 1998 жылы Алматыда Кинематографистер одақтары конфедерациясының қолдауымен ТМД және Балтық елдері фильмдерінің форумы ретінде өткізілді.

Идея авторлары – режиссер, сценарист әрі продюсер Сламбек Тәуекел және кинооператор, режиссер әрі сценарист Игорь Вовнянко. Ал фестивальдің негізін сол кездері Қазақстан киногерлер одағын басқарған белгілі қоғам қайраткері, оператор, режиссер және кинопродюсер Ораз Рымжанов қалады.

Алғашқы фестиваль сынақ түрінде өтті. Тек жеті жылдан кейін ғана «Еуразия» ХКФ өз жұмысын түпкілікті бастады. 

2005 жылғы 26 қыркүйектен 2 қазанға дейінгі аралықта өткізілген екінші «Еуразия» кинофестивалі шынайы халықаралық іс-шараға айналды. Сол кездің БАҚ өкілдері жазғандай «Алматы жұлдыздар шоғырына айналды». Қазылар алқасын танымал грек кинорежиссері Тео Ангелопулос басқарса, онымен бірге ресейлік режиссерлер Вадим Абдрашитов пен Егор Кончаловский, актриса Наталья Аринбасарова, америкалық кинопродюсерлер Майкл Мур және Марк Мануэль фильмдерге баға берді. Фестивальдің танымал қонақтары арасында сұлу Орнелла Мути мен батыл Жан-Клод ван Дамм болды. Майра Мұхаммед-қызы «Бесінші элемент» фильміндегі Дива ариясын орындады, ал Олжас Сүлейменов фестивальдің құрметті президенті ретінде жиналғандардың алдында керемет сөз сөйледі.

 Жеңімпаздар да сыйлыққа нағыз лайықты тұлғалар болды. Фестивальдің Гран-приі режиссер Кира Муратованың «Баптаушы» фильміне (Украина – Ресей) бұйырды. Александр Сокуровтың «Күн» фильмі (Ресей) үздік режиссерлік жұмыс деп танылды. Қазылар алқасының арнайы сыйлығын «Тбилиси-Тбилиси» фильмі үшін грузин режиссері Леван Закарейшвили алды. Үздік ерлер рөлі номинациясында «Күн» фильміндегі рөлі үшін жапон актері Иссей Огата, ал үздік актриса номинациясында Нина Русланова мен Алла Демидова («Баптаушы» фильмі) жүлдемен марапатталды.