МЕНЮ

Евразия 2024


XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі Алматыда өтеді

2024 жылғы 24-30 қараша аралығында Алматы қаласында XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтеді. «Еуразия» - еліміздегі ең ірі кинофорум және халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары Федерациясы (FIAPF) аккредиттеген Орталық Азиядағы жалғыз кинофестиваль. Фестивальдің құрылтайшысы және ұйымдастырушысы дәстүрлі түрде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Кинофестивальдің тікелей ұйымдастырылуы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясына тапсырылып отыр. Себебі  2024 жылы "Қазақфильм" бірден бірнеше мерейтойды атап өтуде. Біріншіден, биыл киностудияның 90 жылдығы. Екіншіден, осы жылы қазақ киносының көрнекті шебері Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туғанына 110 жыл және "Қазақфильмге" оның есімі берілгеніне 40 жыл толды. Алдағы кинофестиваль осы мерейтойларға ерекше назар аудармақ.

Құрылғаннан бері "Еуразия" бүкіл Орталық Азия өңіріндегі маңызды мәдени оқиғаға айналды. 1998 жылы алғашқы кинофестиваль басталғаннан бері "Еуразия" дәстүрінде тәрбие алған қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасты. Оларды "Еуразия ұрпағы" деп те атауға болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл "Еуразияда" Халықаралық байқау - оның аясында Еуропа мен Азия елдерінің толықметражды көркем фильмдері, сондай-ақ Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің байқауы болады. "Еуразия" іскерлік алаңы да жаңалықтарға толы болады деп күтілуде. "Тұран" университетінде және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында көптеген шеберлік сыныптары мен дөңгелек үстелдер өтеді. Ал киногерлер ПРОКК (кинематографистердің кәсіби клубы) аясында өзара қарым-қатынас жасайды.

XVII "Еуразия" халықаралық кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі 24 қарашада қаланың ең сәнді орындарының бірі - Almaty Theatre өтеді. Кино көрсетілімдері, сондай-ақ фестиваль қатысушыларының көрермендермен шығармашылық кездесулері "Арман" киноорталығында болады. Кіру тегін.

Сондай-ақ, әр жылдары фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Катрин Денев, Кевин Костнер, Изабель Аджани, Пьер Ришар, Софи Марсо, Джереми Айронс, Орнелла Мути, Стивен Сигал, Сигурни Уивер, Жерар Депардье және басқа да көптеген әлемдік кино жұлдыздары болғанын атап өткен жөн.