2024 жылғы 24-30 қараша аралығында Алматы қаласында XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді. «Еуразия» – Қазақстандағы ең ірі кинофорум және Кинопродюсерлер қауымдастығының халықаралық федерациясы (FIAPF) аккредиттеген Орталық Азиядағы бірегей кинофестиваль.
Фестивальдің тұрақты құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына тапсырылды. Мұның өзіндік себебі де бар. Биыл киностудия бірнеше маңызды мерейтойды атап өтуде. Біріншіден, киностудияның 90 жылдығы. Екіншіден, қазақ киносының майталманы – Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясына оның есімі берілгеніне 40 жыл толды. Алдағы фестивальде осы айтулы даталарға ерекше мән берілмек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл кинофестиваль аясында халықаралық байқау өтеді, мұнда Еуропа мен Азия елдерінің толықметражды фильмдері, сондай-ақ Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің фильмдері ұсынылады.
«Еуразия» іскерлік алаңы да көптеген жаңалықтарға толы болмақ. «Тұран» университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында түрлі шеберлік сабақтар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Мамандар кинематографистер кәсіби клубы аясында өзара тәжірибе алмасады.
XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі 24 қарашада қаланың ең сәнді орындарының бірі – Almaty Theatre өтеді.