Ақ-қара түсті фильмдер – түрлі-түсті кино дәуірінде де түсіріле беретін мәңгілік классика. XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің бесінші күніндегі баспасөз конференциясында грузиялық авторлардың сатиралық туындысы – «Әулие азамат» фильмі талқыланды.
Фильмнің сюжеттік желісі шахтерлер қалашығының орталық алаңында орналасқан әулиенің мүсінінен басталады. Жергілікті тұрғындар бұл мүсінді өзінің қорғаушысы деп санайды. Бір күні жөндеу жұмыстары үшін крестті орнынан алып тастайды, сол сәтте кенеттен мүсіннің өзі де жоғалып кетеді. Ал қалада бөгде адам пайда болады.
Фильмнің режиссері Тинатин Каджришвили және продюсері Лаша Халваши картинаны қалай түсіргендері туралы әңгімеледі. Ескерткіш жайлы шағын оқиға фильм түсіруге шабыт берген екен.
«Бұл оқиға кез келген елде, кез келген уақытта болуы мүмкін. Мен ақ-қара фильмдерді өте жақсы көремін. Меніңше, мұндай фильмдерде кез келген басқа туындылардан көп бояу бар сияқты. Маған актерлерді таңдау ұнамайды, өйткені кейіпкерлер өз отбасымның мүшелері сияқты. Сонымен қатар, бұл жобада тәуекелге бел бууға тура келді. Сондықтан сенім артатын актерлерді таңдадым», – деді режиссер Тинатин Каджришвили.
Сценарийді жазу жұмысы 2017 жылы басталған. Фильм түсірілімі небәрі 16 күнде аяқталды. Бюджеті шағын ғана болған фильмді Грузияның кино орталығы қолдады.
«Бұл – Грузия, Франция және Болгария арасындағы халықаралық копродакшн. Бұл Тинатиннің үшінші фильмі, сондықтан қаржыға қол жеткізу үшін танымал режиссерлермен бәсекелесуге тура келді. Бұл біз үшін үлкен жетістік және жоғары сапа белгісі. Бюджетке келсек, бұл микробюджеттік жоба», – деді продюсер Лаша Халваши.
Фильм түсірілімі COVID-19 кезінде болған, сондықтан процесс қиын жағдайда өтті. Шектеулер көп болғандықтан, шығармашылық процесс кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін еді.
«Бұл жобаның қоюшы-операторы – Болгариядан келген Крум Родригес. Ол Грузияға алғаш рет аяқ басып отыр. Құрал-жабдықтарды терең шахтаға түсіру қиынға соқты. Кеңістік өте тар, ал үстіңгі жағынан электр желілері өтті. Крумның еңбегі ерен», – дейді режиссер.
Фильмнің әлемдік премьерасы Чехиядағы кинофестивалінде өтті. «Әулие азамат» бірнеше беделді жүлделерді иеленді және 2024 жылы «Оскар» сыйлығында «Үздік шетелдік фильм» номинациясында Грузия атынан ұсынылды.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.
Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.
Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.