XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің жұмысы жалғасуда. Түске дейін фестивальдің баспасөз орталығында бірнеше баспасөз конференциялары болып өтті. Бірінші болып Ұлттық байқаудың қатысушылары «Отау» фильмінің продюсері Анар Жүнісова және «Паралимпиадашы» фильмінің режиссері Алдияр Байракимов өздерінің фильмдері туралы айтып берді. Олардан кейін Халықаралық байқаудың қатысушылары сөз сөйледі. Олар Қырғызстаннан келген «Есімде» фильмінің режиссері Актан Арым Кубат және қазақстандық «Ағайындылар» фильмінің түсірілім тобы: режиссер Дархан Төлегенов, оператор Шерхан Таңсықбаев және қоюшы-суретші Бағдат Қожахметов.
Бірақ басты назар "Ерекше оқиға" конкурстан тыс бағдарламасында көрсетілетін "Қызғалдақ" фильмінің авторларымен кездесуде болды. Әлемнің ірі кинофорумдарында көптеген жүлделерді жеңіп алған және фестивальдің бағдарламалық директоры Гүлнәр Әбікееваның айтуынша "Біздің кинематографтың визит карточкасына айналған" картина биыл өзінің 15 жылдығын толйап отыр.
Журналистерге фильмнің қоюшы-режиссері Сергей Дворцевой, продюсер Гүлнара Сәрсенова, басты әйел рөлін сомдаушы Самал Еслямова, сондай-ақ түсірілім кезінде небәрі 3,5 жаста болған актер Нұржігіт Жапабаев қонаққа келді.
Сергей Дворцевойдың айтуынша:
"Фильмнің мағынасын уақыт өте келе түсінесің. Көрермендерге уақыт өте қайтып келетін туындылар бар. "Қызғалдақтың" бақытты тағдыры осы: сонша жыл өтсе де ол экрандардан түспейді. Жақында фильм Париждің орталығында, содан кейін Санкт – Петербургте толық залдарды жинады. Аудитория азаймайды, керісінше өсіп келеді. Бұл мен үшін ғана емес, бүкіл кино үшін, Қазақстан үшін, қарапайым адамдар үшін, біздің табиғатымыз үшін, барлығы үшін ортақ қуаныш", - дейді С. Дворцевой.
Сонымен қатар, Kinopark 10 Forum кинотеатрында кино көрсетілімдер жалғасуда. Халықаралық байқауда грузин авторларының "4-ші Брайтон" (Грузия – Ресей – Болгария – Монако – АҚШ; режиссер Леван Когуашвили) және "Ару Елена" (Грузия – Түркия – Франция; режиссер Георгий Овашвили) атты екі фильмі, сондай-ақ якут режиссері Любовь Борисованың "Мені Ивансыз жерлемеңіз" картинасы көрермендерге ұсынылды. Ұлттық байқауды "Анашым, мен тірімін!"(режиссерлері Азиз Заиров пен Мұхамед Мамырбеков), "Күнбағыс "(режиссері Эля Гильман) және «Ауыл» (режиссері Серік Әпрімов) фильмдері көрсетілді.
Соңғы фильм күннің тағы бір маңызды нүктесі болып шықты - оның көрсетіліміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев келді. Қарапайым ауыл тұрғындарының өмірі туралы баяндайтын кезіндегі "Қазақтың жаңа толқынының" көшбасшыларының бірі Серік Әпрімовтың жаңа жұмысы жоғары дәрежелі қонақтың көңілінен шықты деп үміттенеміз (бірақ бұл оқиға туралы толығырақ – біздің басқа материалда).
Бірақ қысқа метрдің "Жаңа есімдерді ашу" конкурстан тыс бағдарламасы бүгін өз көрермендерімен қоштасты. Жас қазақстандық кинематографистер жұмысының үшінші және соңғы секциясында "Мен кіммін" (режиссер Арман Қайыржан), "N қаласында" (режиссер Әліби Мұқышев), "Анамның аты - Бақыт" (режиссер Шұғыла Сержан) және "Көзге түспейтіндер" (режиссер Виктория Шегай) фильмдері көрсетілді.
Жас авторларға кино әлемінде "көзге көрінуін" тілейміз, ал "Еуразияның" тұсаукесерінен бастап олар өздері таңдаған салада өз есімдерін бекіте алды.
Фестивальдің төртінші күні композициялық жағынан өте әдемі аяқталды – тағы да "Қызғалдақ" тақырыбымен. Бұл жолы картинаның өзі "Ерекше оқиға" бағдарламасы аясында көрсетілді. 15 жылдық үзілістен кейін көрермендер үлкен экранда қайтадан сүйікті фильмді көре алғаны қандай керемет! Көбінесе талантты шеберлердің әдемі және өшпейтін жұмыстары бізге осылай оралады.