Бүгін Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл Орталық Азиядағы ең ауқымды кинематографиялық шара. Almaty Theatre сахнасында ұйымдастырылған жарқын көріністі 700-ге жуық көрермен ташалады. Бұл фестивальдің алдағы күндерге жоспарларған іс-шаралардың жоғарғы деңгейдегі бастамасы.
Қызыл кілеммен 15-тен астам елдің кинематографистері, актерлер және продюсерлер жүріп өтті. Таңғажайып шоу кино әлемінің есігін ашты, мәдениеттер мен дәстүрлерді тоғыстырып, өнерге жаңа көзқарас әкелді.
Ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді:
«Құрметті достар! Сіздерді XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Кино өнері жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақырады, жалпы азамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ұлт сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі халықтың мәдени байланысын нығайтады. Еліміз ұлттық киноматографияны қолдауға баса мән береді. Осы саланы дамыту үшін Қазақстанда мазмұнды әрі мағыналы картиналар түсіріліп, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып келеді. Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр», – деді Мемлекет басшысы өз құттықтау сөзінде.
Министр де биыл отандық кино саласы үшін маңызды оқиғалармен ерекшеленетінін атап өтті. Бұл Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына қатысты. Заңнамалық бастамалардың арқасында киностудияның дамуы жаңа дәуірге қадам баспақ.
Келесі жылдан бастап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі киностудияны тікелей қаржыландыруға заңды құқық алады. Заң жобасы осы жылдың соңына дейін Президенттің қол қоюына жіберіледі. Егер заң қабылданса, еліміздегі фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30 пайызы тікелей «Қазақфильмге» бағытталмақ.
«Бұл көптеген өзекті мәселелерді шешуге, киностудияның мұрасын сақтауға, оның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және жұмысын тиімді етуге мүмкіндік береді. Ерекше атап өтетін жайт, биылғы фестиваль ең алдымен құрметті меценаттар бен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Олар осындай ауқымды шараны мемлекеттік қаржыланжырусыз өткізуге мүмкіндік берді. Яғни, биылғы кинофестиваль толықтай демеушілік қолдаудың арқасында өтуде. Құрметті меценаттар мен достарымызға өнер мен мәдениетті халыққа жеткізудегі асыл философияларыңыз бен ізгі миссияларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге зор құрмет білдіремін!», – деп толықтырды Аида Балаева.
Мерекелік концертті қазақ кинематографының көрнекті қайраткері Шәкен Кенжетайұлы Аймановқа арналған бейнероликтер жалғастырды. Көрермендер «Қыз Жібек», «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер», «Томирис», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» фильмдеріндегі үзінділерді тамашалап мен әндер тыңдай алды. Кейін бағдарламаны отандық танымал әртістер – Әмре, Мәдина Сәдуақасова, сондай-ақ «Mezzo», «Асыл» топтары мен «Серпер» ансамблі жалғастырды.
Кеш қазақстандық кинематографистердің отбасылық картинасы «Бізге дәрігер керек» фильмінің тұсаукесерімен аяқталды.
XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 30 қарашаға дейін жалғасып, көрермендерге үздік фильмдерді тамашалау, жаңа есімдерді ашу және кино әлемін сезінуге мүмкіндік береді. Фильмдер Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында өтеді. Кіру – тегін.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.
Бас серіктес: Bazis-A құрылыс компаниясы.
Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.