XVI Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі жұмысының бесінші күні Ұлттық конкурсқа қатысушылардың баспасөз конференциясы әлеуметтік мәселелерді көтеретін фильмдерге арналды.
Алдымен Әзіз Заиров пен Мұхаммед Мамырбеков "Анашым, мен тірімін!" атты өздерінің әлеуметтік трилогиясын аяқтайтын жаңа туындылары туралы айтып берді. Бірақ егер бұрын олардың фильмдерінде церебральды сал ауруы бар адамдар туралы айтылған болса, қазір авторлар тағы да бір маңызды тақырыпқа жүгінді.
"Біз жаңа фильмді аналардың әнұранына айналдырғымыз келді, өйткені балалар қатты ауырған кезде барлық жүкті иығына көтеретін аналар. Біз үшін онкология - бұл ауру ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамда кездесетін күрделі психологиялық және әлеуметтік мәселелердің метафорасы" дейді олар.
Ал "Күнбағыс" фильмінің режиссері Эля Гильман жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін көтеретін фильмі туралы сөз қозғап, жақын достарының отбасында осындай қайғылы оқиға болғанын да жеткізді.
"Біз бұл өмірде қалдыратын ең маңызды нәрсе – тек фильмдер ғана емес, бәрінен бұрын бұл - біздің балаларымыз. Өкінішке орай, Қазақстан жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау бойынша әлемде үшінші орында. Біз оларға жаман қарағанымыз немесе дұрыстап тәрбие бере алмағанымыз, бос уақыттың жоқтығы – бұның бәрі үлкен мәселе. Балаға ақша немесе смартфон қажет емес, оларға біз қажетпіз, біздің қолдауымыз бен сүйіспеншілігіміз" – дейді ол.
Серік Әпрімовтың "Ауыл" атты жаңа картинасы да осы тақырыптарға жақын - онда шағын ауылдағы қарапайым халықтың өмірі мен проблемалары туралы баяндалады.
Ал екінші баспасөз конференциясында журналистер алдында дәстүрлі түрде Халықаралық байқауға қатысушылар сөз сөйледі. Олар - "4-ші Брайтон" фильмінің режиссері Леван Когуашвили және оның жерлесі "Ару Елена" картинасының режиссері Георгий Овашвили, сондай-ақ Якутиядан келген "Мені Ивансыз жерлемеңдер" фильмінің авторы Любовь Борисова.
Күн басқа да маңызды іс-шараларға толы болды. Баспасөз конференцияларынан кейін "Қазақстандық киноның даму векторлары" дөңгелек үстелінің жұмысы басталды, онда "Кинематография туралы" Заңға және кинопрокат жағдайына байланысты отандық кинематографтың өзекті мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстел Work-in-progress бағдарламасымен жалғасты. Сонымен бірге Kinopark 10 Forum кинотеатрында соңғы кино көрсетілімдері өтті. Халықаралық байқауда "Мәрмәрдай суық" (Әзірбайжан-Франция; реж. Асиф Рустамов), "Тығырық" (Өзбекстан; реж. Камара Камалова) және "Құдайдың шақыруы" (Эстония–Латвия–Қырғызстан; реж. Ким Ки Дук) фильмдері, ал Ұлттық байқауда - "Ақын" (реж. Даржан Өмірбаев), "Схема" (реж. Фархат Шәріпов) және «Дос-Мұқасан» (реж. Айдын Сахаман) картиналары көрсетілді.
Бүкіл бағдарламалардың ең соңғы көрсетілімі – әйгілі ирандық режиссер Мохсен Махмалбафтың әйелі және шәкірті Марзия Мешкинидің «Мен әйел болған күн» фильмі болды. Оны фестивальге ұлттық байқау қазылар алқасының құрамына кіретін режиссер, Хана Махмалбаф әкелді. Қазіргі Иран қоғамындағы қыздың, әйелдің және кемпірдің тағдыры туралы әсерлі әңгімелері бар үш новелланы біріктіретін бұл туынды бүкіл конкурстық және конкурстан тыс бағдарламалардың соңғы аккорды болды. Кино метафоралық, өте әдемі түсірілген, сонымен бірге әлеуметтік және поэтикалық жасалған. Фестиваль көрсетілімдері осындай жоғары нотада аяқталғаны қуантады. Алайда, алда әлі фестивальдің жабылу фильмі бар.