МЕНЮ
«Еуразия» кинофестиваліндегі Сатыбалды Нарымбетовтың мұрасы

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында қазақтың ұлы режиссері Сатыбалды Нарымбетовты еске алу күні өтті. Шара барысында режиссер Сатыбалды Текеевтің «Тарих тудырған тұлға» атты деректі фильмі көрсетілді. Көрсетілім Turan Film Academy-дегі Сатыбалды Нарымбетов атындағы кинозалда ұйымдастырылды.

Фильм көрсетіліміне марқұм режиссердің туыстары, жақындары, әріптестері, шәкірттері, университет студенттері мен қазақстандық киноиндустрия өкілдері жиналды. Қатысушылар фильм жайлы ойларымен бөлісіп, Сатыбалды Нарымбетовтың ұлттық мәдениеттегі рөлі туралы пікір білдірді.

Әдебиет және театр сыншысы Әлия Бөпежанова Нарымбетовтың көпқырлы талантын ерекше атап өтті.

«Бұл деректі фильм Сатыбалды Нарымбетовты тамаша кинорежиссер ретінде танытты. Алайда біз оның ең алдымен көрнекті жазушы және суретші екенін ұмытпауымыз керек. Фильм маған ұнады, алдағы уақытта ол туралы талай фильмдер түсіріледі деп үміттенемін. Бүгінгі шараға студенттердің қатысқаны қуантады. Жастар танымал тұлғаларды білуі керек. Олар Сатыбалды секілді адамдардан үлгі алуы қажет, – деді сыншы.

Деректі фильмнің режиссері Сатыбалды Текеев көрсетілім өткен орынның маңыздылығын атап өтті.

«Әрине, бұл көрсетілімді кинотеатрда да өткізуге болар еді. Бірақ біз деректі фильмді Сатыбалды Нарымбетов есімі берілген кинозалда көрсетуді жөн көрдік», – деді ол.

Кинорежиссер әрі драматург Данияр Саламат Сатыбалды Нарымбетов жайлы естеліктерімен бөлісті.

«Сатыбалды Нарымбетовты «біздің ағай» деп атайтынбыз, себебі ол біздің ұстазымыз болды. Ол мен үшін шамшырақтай болды. Оның ізінен жүрсем, адаспайтынымды білетінмін. Өкінішке қарай, 2021 жылы  ол кісіден айырылып қалдық. Сол кезде бағыт-бағдарымызды жоғалтқандай болдық. Ол ұлттық киноның дамуына орасан зор үлес қосты. Біз оның жолын абыроймен жалғастыруымыз керек, – деді ол.

Сатыбалды Нарымбетовты еске алу күні «Еуразия» кинофестивалінің маңызды бөлігіне айналды. Бұл шара көрнекті режиссерді еске түсіріп қана қоймай, оның шығармашылығына жастардың назарын аудартуға мүмкіндік берді. Нарымбетовтың мұрасы тек киногерлерге емес, көрермендерге де шабыт сыйлап келеді.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.

Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.

Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.