XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің іскерлік алаңы аясында «Жасанды интеллект: шығармашылық синергия» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шарада қазіргі кинематографиядағы жасанды интеллекттің рөлі мен оның креативті индустрияларға әсері талқыланды. Қатысушылар визуалды эффектілер жасау мүмкіндіктерінен бастап, кино саласында технологияларды қолданудың этикалық мәселелеріне дейінгі көптеген тақырыптарды қамтыды.
Соңғы жылдары жасанды интеллекттің экономика мен шығармашылық процестерге ықпалы айтарлықтай артты. Сондықтан индустрияның жаңа сын-тегеуріндерге дайын болуы маңызды. Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Рүстем Биғари жасанды интеллекттің мемлекеттік процестерге, соның ішінде кино өндірісіне тигізетін әсеріне тоқталды. Ол Қазақстанның әртүрлі салаларда жасанды интеллектті пайдаланудың өзіндік моделін әзірлеу жолында екенін атап өтті.
«Біз стартаптардың дамуына және инновациялық жобалардың жүзеге асуына жағдай жасауға тырысамыз. Технологиялық дамуды қолдайтын түсініктер мен заңнамалық шешімдер болуы өте маңызды», – деді ол.
Сондай-ақ, Рүстем Биғари мемлекеттік тапсырыстарды кино өндірісіне бөлуді жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Оңтүстік Корея секілді елдердің тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Олар жылына 200 фильм түсіреді. Бұл Қазақстан үшін жақсы модель бола алады. Біз де талантты режиссерлерді барлық кезеңдерде қолдау үшін мүмкіндік аясын кеңейтуіміз қажет», – деп қосты ол.
Жасанды интеллектті дамыту гильдиясының (GAID) тең құрылтайшысы Әлібек Келімбетов ұйымның миссиясы мен мақсаттары туралы айтты.
«Біз шығармашылық индустрияларда жасанды интеллекттің дамуын қолдау және адамдарға технологиялар жылдам дамып жатқан әлемге бейімделуге көмектесу үшін гильдия құрдық», – деп түсіндірді ол.
Дөңгелек үстелдің қорытындысында бірнеше маңызды шешімдер айтылды: жасанды интеллект контент жасау процесін жылдамдатып, жетілдіруге қабілетті, бірақ ол шығармашылықтың негізі болып қалатын адамның табиғи мүмкіндіктерін алмастыра алмайды.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.
Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.
Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.