Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Орталық Азия мен түркі әлемі елдері байқауының қазылар алқасымен баспасөз мәслихаты өтті. Шараға әлемдік киноиндустрия өкілдері қатысты. Олар фестиваль бағдарламасының бірегейлігі мен алдағы жұмыстар туралы пікірлерімен бөлісті.
Орталық Азия мен түркі әлемі елдері байқауының қазылар алқасының төрағасы Ли Баохуа байқау фильмдерінен не күтетінін айтты.
«Кеше кинофестивальдің ашылу салтанатында байқауға қатысатын фильмдердің үзінділері көрсетілді. Менің ойымша, олардың барлығы жоғары бағаға лайық. Шынымен ұнады. Алдағы күндері, қазылар алқасы төрағасы ретінде, әріптестеріммен бірге барлық фильмдерді қарап, шынайы баға береміз», – деді Ли Баохуа.
Ресейлік режиссер Алексей Тельнов та қатысушылардың сұрақтарына жауап бере отырып, ұсынылған туындылар қызықты болатынына үміт білдірді. «Фестивальдің ашылуы тамаша өтті, бәрі керемет ұйымдастырылған. Ұсынылған фильмдер бізді таңғалдырады деп үміттенеміз», – деді ол.
Марокколық режиссер Абделила Эль Джаухари фестивальдің маңыздылығын ерекше атап өтті: «Қазақстанға келу менің арманым еді. Бұған дейін Қазақстан туралы тек бірнеше фильм арқылы ғана білетінмін. Бүгін мен осындамын, әріптестеріммен бірге Қазақстан мен Орталық Азия фильмдері туралы көбірек білуге тырысамын».
Танымал қазақстандық актриса Жанна Қуанышева «Еуразия» фестивалі жаңа есімдерді ашуға әрдайым үлес қосатынына сенімді. «Біз өз фильмдерімізді бүкіл әлемге көрсетуіміз керек. Сондай-ақ әлемдік кино жаңалықтарын да білу маңызды. Сондықтан «Еуразия» – керемет шара», – деді актриса.
Фестиваль 30 қарашаға дейін жалғасады. Көрермендер Орталық Азия мен түркі әлемі мәдениетінің тынысын сезініп, ерекше оқиғалармен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.
Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.
Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.