XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің төртінші күнгі баспасөз мәслихаты өткір және терең мағыналы тақырыптарды талқылау алаңына айналды. Кездесуге екі фильмнің авторлары қатысты: қазақстандық «Кадет» картинасы және Польшаның «Жоқтың қасы» атты әлеуметтік-психологиялық жобасы.
Польшалық режиссер Гжегож Дебовский «Жоқтың қасы» фильмі туралы әңгіме өрбітті. Картинаның негізіне елдегі шерулер мен наразылықтар алынған.
«Мен осы наразылықтарға қатысқан адамдарды бақылап, әр елде өзіне тән әлеуметтік мәселелердің бар екенін түсіндім. Туындаған жағдайлардың өмірімізге тигізетін ықпалы бізді ортақтастырады. Әлеуметтік мәселелерден басталып, адамның өміріндегі психологиялық өзгерістерге алып келетін туынды түсіргім келді», - Гжегож Дебовский.
Шағын ғана бюджет қарастырылған фильм небәрі 17 күнде түсірілді. Кішігірім театрлардың әртістері актерлерді алмастырған. Дебовскийдің айтуынша, бұл фильм сценарийі жас кинематографистер байқауында қаржыландыруға қол жеткізді. Соның арқасында қағаздағы сюжетті үлкен экраннан көрсету мүмкіндігі туған.
Tiger Films продюсерлік компаниясы түсірген «Кадет» фильмі Серік есімді жасөспірімнің өмірін баяндайды. Анасы оны таңдаулы әскери мектепке оқуға жібереді. Алайда, білім ордасының қабырғасында жасөспірімді түрлі қиындықтар күтіп тұрды. Фильмнің продюсері Назира Бақаева картинаның жасалуы туралы айтты:
«Кастинг бір айға созылды. Басты рөлдерді сомдайтын актерлер бірден таңдалды. Себебі режиссер Әділхан Ержанов бұл мәселені алдын ала ойластырып қойған. Бізге тек талантты баланы табуға күш салуға тура келді. Түсірілімге 14 жұмыс күні және 14 дайындық күні жұмсалды. Біз Әділхан Ержановпен бірлескен жобаны іске асырғанымызға қуаныштымыз, бұл ортақ еңбектің жемісі».
Фильмнің басты кейіпкері, актер Ратмир Юсупжанов, рөлді орындау қиын болмағанын атап өтті:
«Бұл рөл маған айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Режиссер, актерлер және түсірілім тобы үнемі қолдап, нұсқаулар беріп отырды. Жұмыс істеу қолайлы болды».
Продюсер Мария Колесник картинаның халықаралық жетістіктерін мақтанышпен жеткізді. «Біздің фильм фестивальдік әрі коммерциялық тұрғыдан сәтті шықты. Токио кинофестивалінде тамаша пікірлер естідік. Фильм 2024 жылдың 2 қаңтарынан бастап Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда прокатқа шығады», - дейді продюсер.
Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.
Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.
Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.
Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.