МЕНЮ
ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУ –  XVI «ЕУРАЗИЯ» ХКФ МАҚТАНЫШЫ

«Еуразия» бір орында тұрмайды, жыл сайын дамып, жаңа қырынан танылуда. Биылғы он алтыншы «Еуразия» фестивалінің басты тосын сыйы мен ерекшелігі туралы Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті, «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламалық директоры Гүлнара Әбікеева айтып берді:

– 1998 жылы кинофестиваль ашылғаннан бері жиырма жылдан асты, осы уақыт ішінде «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас бір буыны қалыптасты. Оларды «Еуразия буыны» деп атауға болады. Егер 2000-шы жылдардың басында фестивальде «Қарқынды дамып келе жатқан қазақ киносы» бағдарламасы өткізілсе, бүгінде қазақстандық кинематография осындай жоғары деңгейге жетіп, біз фестивальге жеке ұлттық конкурсты енгіздік. Онда халықаралық кинофестивальдерге қатысқан және жеңген фильмдер де, кең аудиторияда сәтті шыққан картиналар да тартысқа түседі.

Бұл бағдарлама көптеген кинофестивальдерде қолданылады – мысалы, Салоники, Грецияда. Көрермендер халықаралық байқауды тамашалап қана қоймай, ұлттық байқаудың нәтижелерін күтеді, бұл кез-келген кинофестивальдің мерейін екі есе арттырады.