МЕНЮ
«Маркетинг маңызды рөл атқарады, бірақ ақпаратты ауызша тарату тиімдірек»: Қазақстандағы дебюттік кино және деректі фильмдер

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинематографияның өзекті тақырыптарына арналған іскерлік алаң жұмысы жалғасуда. Бүгін дебюттік жобаларды қолдау мәселелері мен Қазақстандағы деректі киноның қазіргі жағдайы талқыланды. 

Спикерлер ретінде «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ өкілдері, сондай-ақ белгілі режиссерлер мен продюсерлер Анар Жүнісова, Аруан Анартаев, Алдияр Байрәкімов, Диас Бертіс және Гүлшат Смағұлова сөз сөйледі. 

Олар жас кинематографистердің болашағы, мемлекет және жеке инвестициялардың рөлі, сондай-ақ дебюттік фильмдерді түсіру жұмысының ілгерілету механизмдері туралы пікір алмасты. 

«Дебюттік киноны продюсерлеу ерекше сезім сыйлайды. Жаңа есімдерді көпшілікке таныстыру мүмкіндігі бар. Маркетинг маңызды рөл атқарады, бірақ ақпаратты ауызша тарату тиімдірек», – деді продюсер Анара Жүнісова. 

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шүкенов жас режиссерлерді қолдау тақырыбын тілге тиек етті.

«Дебютанттармен жұмысты жүйелендіру қажет. Заңнамада тек бірінші фильм ғана емес, екінші туынды да дебюттік болып есептелуі тиіс. Екінші жобаны түсіру біріншіге қарағанда әлдеқайда қиынға соғады. Франция және басқа елдерде осындай тәжірибе қолданылады. Бұл дұрыс қадам деп ойлаймын», - деді Бауыржан Шүкенов.

«Бүгінгі деректі кино» тақырыбы да дөңгелек үстел барысында қызу талқыға түсті. Осы жанрда өз жұмыстарымен танымал болып үлгерген Әсия Байғожина, Қанат Бейсекеев, Дмитрий Богомолов, Жәнібек Мұртaзин және Виктор Вильковиский пікірталас кезінде өз ойларымен бөлісті. Қатысушылар деректі фильм түсіру процессінде туындайтын қиындықтар, жаңа технологиялардың әсері және көрермендердің әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға қызығушылығын арттыру тәсілдері жайлы сөз қозғады.

Деректі киноның ерекше мүмкіндіктеріне, авторлардың күрделі тақырыптарды аша алуы, өз шеберлігін туынды арқылы көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

«Деректі киноны шынайы махаббатпен түсіру керек. Мен осыған сенімдімін. Бұл ең қуатты жанрлардың бірі. Себебі режиссер өз әлеуетін толығымен аша алады», – деп пікір білдірді режиссер Қанат Бейсекеев. 

Айтылған ұсыныстар мен пікірталас алаңы жас режиссерлер үшін жаңа мүмкіндіктерді қалыптастыруға және Қазақстан деректі киносының орнын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. 

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі кино саласының мамандары мен көрермендерін біріктіріп, заманауи индустрияның маңызды мәселелеріне назар аударуды жалғастыруда.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.

Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.