Бүгін XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің баспасөз орталығында Ұлттық және Халықаралық байқау қатысушыларымен екі баспасөз конференциясы өтті. Бұл фестивальдің мәре сызығы алдындағы соңғы баспасөз отырыстары.
Бірінші болып отандық кинематографтың майталмандары мен ұлттық байқаудың басты фавориттері сөз сөйледі. Бұлар әлем бойынша салтанат құрып, фестиваль марапаттарын жинап жүрген, Токио кинофестивалінің «Үздік режиссер» сыйлығы мен Португалиядағы LEFFEST Гран-приін жеңіп алған және жақында Францияда прокатқа шыққан «Ақын» фильмі. Сонымен бірге жылдың басында беделді Берлин кинофестивалінің Generation секциясының бас жүлдесін алған «Схема» және көрермендердің жылы лебізіне бөленіп, жақсы касса жинаған «Дос-Мұқасан» картиналары.
Алғашқы картинаны режиссер Дарежан Өмірбаев, продюсер Юля Ким және фильм актрисаларының бірі Әлия Бопежанова таныстырды. Дарежан фестиваль ұжымына көрермендерге картинаны тағы да көрсету мүмкіндігін бергендері үшін алғысын білдірді, ал Әлия өзінің рөлі мен Өмірбаевпен орнатқан серіктестігі туралы айтып берді. Өз кезегінде продюсер Юля Ким «Еуразияда» жеке ұлттық байқауын құру идеясына тоқталды.
«Мен фильмдер тізімін қарап шықтым, жүрегім қуанды. Мен бұл тізімді көргенде ғана қазақстандық кинода жүріп жатқан осы ауқымды өркендеудің басталғанын түсіндім. Бұл керемет», - деді ол.
Журналистердің сұрақтарына келесі болып «Дос-Мұқасан» фильмінің авторлары– режиссер Айдын Сахаман мен сценарист Ефрат Шарипов жауап берді.
«Жас кинематографистер ретінде біз үшін отандық киноның осындай шеберлерімен бір сахнада кездесу үлкен мәртебе. Біз «Еуразияда» өстік. Студенттік жылдары бұл біз үшін үлкен мереке болатын, бұл фестивальді жыл сайын күтетінбіз. Бүгін байқауға қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз», - деді картина режиссері А. Сахаман.
Өз кезегінде «Схема» фильмінің режиссері Фархат Шарипов фильм түсірілімінің егжей-тегжейіне, соның ішінде пандемия кезінде орын алған қиындықтарға тоқталып кетті.
Екінші баспасөз конференциясында дәстүрлі түрде Халықаралық байқауға қатысушылар сөз сөйледі. Әзірбайжанның «Мәрмәрдай суық» фильмінің режиссері Асиф Рустамов, «Тығырық» фильмінің сценарисі мен режиссері, Өзбекстаннан келген Камара Камалова және Эстония, Литва және Қырғызстан бірлесіп түсірген Ким Ки Дуктың «Құдайдың шақыруы» атты соңғы фильмінің продюсері Артур Вебер болды.
Фестивальдің соңғы жұмыс күні Латвиядан келген қазылар алқасының төрағасы Лайла Пакалниняның шеберлік сабағымен аяқталды. 32 деректі, 5 қысқаметражды және 6 толықметражды ойын фильмдерінің режиссері әрі сценаристі халықаралық кинофестивальдердегі жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сабағына қатысқан қонақтардың сұрақтарына қуана жауап берді.
Ал ертең барлық жеңімпаздар анықталатын фестивальдің ресми жабылу салтанаты өтеді.