МЕНЮ
Нури Бильге Джейлан: «Фестиваль фильмдері сіздерді киноның жаңа әлеміне жетелейді»

Бүгін Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Халықаралық байқауының қазылар алқасымен баспасөз конференциясы өтті. Кездесу барысында спикерлер фестивальдің маңыздылығы, байқауға қатысатын картиналардан не күтетінін және заманауи кинематографтың рөлі туралы ойларымен бөлісті.

Қазылар алқасының төрағасы, әйгілі режиссер Нури Бильге Джейлан қазіргі кинематография жаңа көзқарасты қажет ететінін атап өтті.

«Дәстүрлі кинематографтың барлық тақырыптары біртектес. Әр адамның өміріндегі терең мәнді ашып, нәзік сезімдерге жету үшін жаңа тәсілді қолдану қажет. Фестивальде көрсетілетін фильмдер сіздерді киноның мүлде басқа әлеміне жетелейді», – деді халықаралық конкурс төрағасы.

Бұл сөздер халықаралық байқаудың маңызын толық жеткізеді. Биылғы бағдарламаға 13 фильм енген, олардың тақырыбы әлеуметтік драмалардан бастап философиялық ой-толғауларға дейінгі кең ауқымды қамтиды.

Қазылар алқасының мүшесі, актриса Рано Шодиева фестивальдің терең әрі әдемі фильмдерден ләззат алуға мүмкіндік беретін ерекше атмосферасын атап өтті. «Жақсы, таза, жаңа және әдемі киноға терең бойлағымыз келеді. Бізде осындай мүмкіндік бар – ол үшін бір апта берілді. Ең үздік фильмді таңдаймыз», – деді ол.

Халықаралық байқауда ұсынылған фильмдер терең мазмұн мен мәдени әртүрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы, «Белгісіз елге» фильмі палестиналық босқындар туралы баяндаса, «Нирвана» фильмі жарыққа ұмтылған үш жасырын жанның тарихын суреттейді.

Режиссер Артықпай Сүйіндіков батыл тәжірибелер мен терең тақырыптарға назар аудару қажеттілігін айтты.

«Мен «Еуразия» фестивалі қазақстандық көрермендер мен болашақ режиссерлерге пайдасын тигізгенін қалаймын. Фестиваль кинематографиялық тілді іздеуге, терең тақырыптарды зерттеуге және адамның ішкі әлемін ашуға басымдық берсе екен. Біз әдеттегі кинотеатрда көрсете бермейтін туындылар осында ұсынылуы керек», - дейді қырғызстандық режиссер.

Қазылар алқасының мүшесі, кинотанушы Нада Ажари Гиллон осындай шаралардың халықаралық мәдени алмасу үшін маңыздылығын атап өтті: «Фестиваль адамдар мен киногерлер үшін маңызды. Кинофестиваль – басқа мәдениетпен, елмен және адамдармен танысудың тамаша тәсілі. Олар туралы көбірек білуге мүмкіндік береді».

Баспасөз конференциясы негізгі сайыстың бастауы ғана емес, сонымен қатар көрермендер үшін шабыттандыратын сәт болды. Бұл фестиваль арқылы олар заманауи кинематографтың сиқырын аша алады.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.

Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.

Фотогалерея