МЕНЮ
Жын шығару, шайтан және «Дәстүр». Қазақстандық жаңа хоррордың ерекшеліктері

2024 жылдың 25 қарашасында Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында «Қазақстандағы жанрлық даму: жаңа қазақстандық хоррор» тақырыбында пікірталас өтті. Бұл басқосуда отандық кинодағы осы жанрдың даму кезеңі талқыланды. Күні кеше ғана Қазақстан кинематографы тарихи драмалар, әлеуметтік бағыттағы фильмдер мен деректі туындыларға басымдық беріп келген. Ал соңғы уақытта жанрлық картиналарға, әсіресе хоррорға қызығушылықтың артқаны байқалады.

Қазақстандағы хоррор жанрына ұлттық ерекшеліктер мен оның мәдени мәні қалай әсер ететіні өзекті тақырыпқа айналды. Қазақтың бай тарихы мен мәдени мұрасы, сондай-ақ әртүрлі этникалық және діни дәстүрлердің тоғысуы бұл жанрдың таптырмас негізіне айналды. Қазақстандық хоррордың сюжеттік желісі де ерекше. Оған негізінен халық аңыздары, ауыз әдебиетіндегі оқиғалар, сонымен қатар отаршылдық замандағы психологиялық қорқынышты әңгімелер қолданылып келеді.

Сценарист Қазбек Оразбек және режиссер Олжас Баялбаев өз фильмдерін түсіру тәжірибесімен бөлісті.

«Біз имамдар және философтармен ақылдасып, зорлық-зомбылық пен қатігездікті ақтауға ешбір себеп жоқ екенін көрсетуге тырыстық. Бәрі адамның өмір сүру салтына байланысты», – дейді Қазбек Оразбек. Ол фильмдегі діни рәміздерді пайдалану оқиғаның терең мазмұнын ашуға ықпал ететінін атап өтті. Оның сөзінше: «Жын мен имамның бейнесі көпшілікке түсінікті. Біз бұл бағытта кино түсірген алғашқылардың бірі емеспіз».

«Дәстүр» фильмі қазақ хоррорында ұлттық фольклор элементтері мен аңыздарды қолданудың айқын көрінісі. Сюжетте ұлттық салт-дәстүрдің құрбаны болған бойжеткеннің өмірі баяндалады. Ол үрейлі оқиғаларды бастан өткереді. Бұл туынды мистикалық элементтер мен әлеуметтік драманы шебер ұштастырып, ұлттық құндылықтар мен қоғамда терең тамыр жайған қорқыныштарға назар аударады.

Режиссер Олжас Баялбаевтың дебюттік фильмі хоррор жанрында түсірілген. «Взаперти» фильмі Александр Мендебаевтың «Квартиранты» романының негізінде түсірілген. Оның айтуынша, хоррор жанры алғашқы тәжірибе үшін ең қолайлы болып көрінген.

«Маған бұл комедияға қарағанда жеңілдеу жанр сияқты көрінді. Бұл көрерменнің назарын бірден аударатын әсерлі жанр», – дейді режиссер. Дегенмен, ол дайын шығарма желісіне негізделген туындының түсіру жұмысы қиын болғанын атап өтті: «Мен үшін дайын туындыны бейімдеу оңай сияқты көрінді. Әрбір кейіпкер бар, оны алға жетелейтін мақсаты да бар. Іс жүзінде бұл оңай емес екен».

XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Алматыда 24-30 қараша аралығында өтеді. Бұл шара отандық кинематограф үшін ғана емес, халықаралық деңгейде Қазақстан киносының жаңа мүмкіндіктерін ашатын маңызды алаңға айналды.

Дәстүрлі фестивальдің негізін қалаушы және ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі. Кинофестивальді тікелей ұйымдастыру Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына жүктелген.

Бас серіктес: Bazis-A компаниясы.

Айта кетейік, іс-шараға KAZ Minerals кен өндіру компаниясы, Sarens Kazakhstan, Eurasian Resources Group (ERG), Salem Entertainment, Kinopark Theatres кинотеатрлар желісі, Astana Motors, «Қазақтелеком» АҚ және A-Event KZ демеушілік етті.

Ақпараттық серіктестер: «Хабар» АҚ, Qazaqstan телеарнасы, «НТК» телеарнасы, «Европа плюс Казахстан», «Эльдорадио», Qazaq Gazetteri, Egemen Qazaqstan, «Казахстанская правда», «Антенна Казахстан», «Новое поколение», ORDA, «ҚазАқпарат» ХАА, ArbatMedia, El.kz, Baq.kz, BaigeNews.