2024 жылғы 24-30 қараша аралығында Алматы қаласында XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтеді. «Еуразия» – Қазақстандағы ең ірі кинофорум және халықаралық кинопродюсерлер қауымдастықтары Федерациясы (FIAPF) аккредиттеген Орталық Азиядағы бірден-бір кинофестиваль. Фестивальдің тұрақты құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Кинофестивальді ұйымдастыру Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясына тапсырылды. Мұның өзіндік себебі де бар. Осы жылы киностудия бірнеше маңызды мерейтойды атап өтуде. Біріншіден, киностудияның 90 жылдығы. Екіншіден, қазақ киносының майталманы - Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясына оның есімі берілгеніне 40 жыл толды. Алдағы фестивальде осы айтулы даталарға ерекше мән берілмек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл кинофестиваль аясында Халықаралық байқау өтеді, мұнда Еуропа мен Азия елдерінің толықметражды фильмдері, сондай-ақ Орталық Азия мен Түркі әлемі елдерінің фильмдері ұсынылады. «Еуразия» іскерлік алаңы да көптеген жаңалықтарға толы болмақ. «Тұран» университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында түрлі шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Кинематографистер ПРОКК (кинематографистердің кәсіби клубы) аясында өзара тәжірибе алмасады.
XVII «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі 24 қарашада қаланың ең сәнді орындарының бірі - Almaty Theatre өтеді. Кіру тегін.
Қазіргі уақытта қатысушыларды іріктеу өтуде. Қатысу үшін https://eurasiaiff.info сайтында «Өтінімдерді қабылдау» батырмасын басу арқылы қатысушының электронды өтінімін толтыру жеткілікті. Өтінімдерді 2024 жылғы 31 қазан сағат 18.00-ден кеш емес мерзімге дейін тапсыруға болады. (толығырақ – Регламентте).